Елорда оқушылары «SportFEST Kazakhstan» жобасының іріктеу ойындарына қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында SportFEST Kazakhstan республикалық жобасының іріктеу кезеңдері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаланың 4 ауданынан келген 132 оқушы бозбалалар арасындағы футзал, қыздар арасындағы баскетбол, әскери-қолданбалы спорт түрлері, шахмат, үстел теннисі мен ұлттық ойын - тоғызқұмалақ бойынша бақ сынасты. Спартакиаданың іріктеу кезеңіне астаналық 24 команда қатысты.

Қатысушыларды құттықтауға «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдері, облыстың спорт элитасының өкілдері, жергілікті білім беру бөлімінің басшылары келді.

-«SportFEST» - біз үшін маңызды жобалардың бірі. Осы залда елорданың үздік спортшылары жиналды деген сенімдемін. Бүгін сіздер маусым айының басында «Балдәурен» республикалық оқу - сауықтыру орталығында финал ойындарына қатысу үшін күресесіздер. Айта кету керек, жарыстан кейін іріктеу турларында қолданылатын барлық спорттық құралдар (теннис үстелдері, доптар, үстел ойындары) мектептерге сыйға беріледі. Мен барлық қатысушыларға сәттілік, пен жеңіске деген жігер тілеймін!»,-деді өзінің құттықтау сөзінде «Samruk-kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Іргебаев.

Айта кеткен жөн, «SportFEST Kazakhstan» жобасы басталғаннан бері оған өңірлерде алты мыңнан астам оқушы қатысты. Еліміздің бірнеше облысында өткен шара аясында оқушылар бір-бірімен танысып, достасып жатыр. «SportFEST Kazakhstan» Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Павлодар, Петропавл, Алматы, Талдықорған, Орал, Қарағанды, Өскемен, Тараз, Түркістан, Қостанай және Ақтау қалаларында өтті. Бұл өңірлерде үздіктер анықталды.

Жеңімпаздар және жүлделі орын иегерлері роликті конькилермен, брендтелген рюкзактармен және Power bank (мобильді аккумулятор), скейтбордтармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері 2019 жылы Щучинск қаласында өтетін финалға жолдама алды. Аймақтық чемпиондардың тізімімен жобаның ресми сайтында танысуға болады - www.sportfest.kz.

Еске сала кетсек, «SportFEST Kazakhstan» - бұқаралық спорт түрін насихаттау, жастарды салауатты өмір салтына шақыру мен патриоттық тәрбие беруге бағытталған бірыңғай жоба.

Ал бұл жастар жобасының ұйымдастырушылары - «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, сондай-ақ «Менің елім» әлеуметтік инвестиция бағдарламасымен бірлескен «Коммуникациялық бастама және стратегия қоры».

Соңғы жаңалықтар