Елорда мейрамханалары шектеу шараларын елемей жатыр - Полиция департаменті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда мейрамханаларында отбасылық іс-шаралар өткізу тоқтамай тұр. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметi басқармасының бөлім бастығы Азамат Садықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кейбір ойын-сауық мекемелері мен қоғамдық тамақтану нысандары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзып, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруде. Осылайша, 4 қарашада мобильді топпен Жекебатыр көшесіндегі «Теккила» бары анықталған. Аталған дәмхана жұмыс және демалыс күндері сағат 09:00-ден бастап 22:00-ге дейін бекітілген кестені сақтамай, қызмет көрсеткен. Сондай-ақ мейрамханаларда көптеген қонақ шақырып, отбасылық іс-шаралар өткізу үдерісі байқалады. Мысалы, 25 қазанда Сембинов көшесінде орналасқан «Сұнқар» мейрамханасында 50-ден астам қонақ болған, шілдехана (қалжа) аталып өткен», - деді А. Садықов онлайн режимде өткен коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары бойынша баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, қалада карантин режимін бұзудың екі мыңнан астам фактісі анықталған.

«Анықталған шектеу шараларын бұзуға қатысты материалдар Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды. Біз азаматтармен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша карантин режимін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырудамыз. Қоғамдық жерлерде, саябақтар, базарларда сақтану керек екенін еске саламыз және азаматтарды санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтауға шақырамыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар