Елорда мектептерінің маңында интерактивті ақпараттық жабдықтар орнатылады - жол полициясы

None
None
АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Тамыздың 25-і мен қыркүйектің 4-і аралығында «Абайлаңыз, балалар» атты жедел алдын алу шаралары өткізіледі.

Бұл туралы бүгін елордада өткен брифингте қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының диагностика стансасының бастығы Бақытжан Алтыбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, балалар жол-көлік жарақатының алдын-алу мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл акция барысында кеңінен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Осы бағытта бүгінде елордадағы білім беру мекемелерінде, қоғамдық орындарда жол қауіпсіздігі тұрғысында арнайы кеңестер берілетін болады.

Оқу жылынан бастап оның аяқталуына дейін әрбір мектепте жол полициясының қызметкерлері бекітіледі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері білім беру орындарында тиісті түсіндіру шараларын жүргізеді.

«Бүгінде жол қауіпсіздігі аясында тиісті шараларды өткізу мақсатында Астана әкімдігі тарапынан 52 миллион теңге бөлінді»,-деді Б. Алтыбай.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы оқу жылының басында елордадағы екі мектептің аумағында «Назар салыңыздар, жүгіріп бара жатқан балалар» атты екі интерактивті ақпараттық жабдықтар орнатылатын болады. Кейіннен осындай жол белгілерін көрсететін құралдар қаладағы басқа да мектептердің маңында орнатылады.

Соңғы жаңалықтар