Елорда мектептерінің асханаларында санитарлық талаптарды орындамау деректері анықталды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева қаладағы мектептерге азық-түлік жеткізетіндерді тексеру нәтижесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде мектепке дейінгі мекемелердің басым бөлігі заңды тіркеу куәлігі бойынша шағын кәсіпкерлік объектілері болып саналады. Осы орайда бұл нысандарда жоспарлы тексерулер жүргізілмеген. Тек эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жоспардан тыс тексерулер ғана болды. Бұл тұрғыда тексерілген бірен-саран нысанның өзі мемлекеттік меншіктегі мекемелер. Негізгі тексерулер мектептердегі тамақтандыру нысандарында жүргізілді. Яғни кәсіпкерлік субъектілері тексерілді», - деді А. Шағалтаева қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, 2021-2022 оқу жылындағы тексерулер нәтижесі бойынша мектептерге азық-түлік жеткізетіндердің қызметі назарға алынды. Бұл тұрғыда негізгі ереже бұзу деректері ретінде микробиологиялық белгілер бойынша дайын әрі шикі өнімдердің зертханалық көрсеткіштерінің сәйкес келмеуі анықталды.

Сонымен қатар, дезинфекциялау заттары бойынша сәйкес келмеудің жоғары көрсеткіші байқалды.

Мұнымен қоса, медициналық тексеруден өтуге, өнім сапасын растайтын құжаттардың болмауына, қоймалардың тиісті құрылғылармен жақсақталмауына және басқа да кемшіліктерге қатысты деректер анықталды.

«Осы орайда барлық нысандарға тиісті нұсқамалар берілді. Ал кінәлі қызметкерлер 425-баптың 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Айгүл Шағалтаева.


Соңғы жаңалықтар