Елорда мектептерінің ас дайындау бөлмелеріне камера орнатылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының білім басқармасы мектептердің ас дайындау бөлмесіне камера орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай ұсынысты тамақтандыру бойынша комиссия құруға көмектесіп жүрген қалалық ата-аналар қоғамдастығы алға тартып отыр.

«Біз кейде тиесілі еттің берілмей қалғаны туралы айтамыз. Бірақ әуелі мынаны түсінуіміз керек: мектептердегі тамақтандыру жұмысы - тұтас өндіріс іспетті. Ас дайындау бөлмесінде жұмыс таңғы сағат 5-6 кезінде басталып кетеді. Мектептің бір де бір қызметкері тамақ дайындауда қанша ет салынған-салынбағанын таң атпай келіп бақылап жатпайды. Тек видеобақылау ғана осы процесті қадағалауға мүмкіндік берер еді», - деді қалалық ата-аналар қоғамдастығының төрайымы Татьяна Коршунова баспасөз мәслихатында.

Ата-аналар, сонымен бірге, қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен мектепте әзірленетін барлық тамақ түрі бойынша бірыңғай технологиялық карта әзірлеуді сұрап отыр.

«Біз балалардың немен тамақтанып жүргенін білгіміз келеді. Егер котлет берілсе, оның неден жасалғанын, қандай өнімдер қосылғанын, әкелінгенін ата-аналар біліп отыруы керек», - дейді ол.

Бұған қоса, тамақтандыру бойынша комиссия жұмысында директорлар жауапкершілігін арттыру көзделеді. Татьяна Коршунова келтірген мәліметке сүйенсек, кей комиссиялар қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Құжаттарда тамақтандыру бойынша ешқандай кемшілік жоқ деп жазылғанымен, іс жүзінде жағымсыз жайлардың кездесіп жататыны бар. Оның айтуынша, барлық ескертулер мектептің сайтында жарияланып отыруы тиіс.

«Комиссиялар мектепте белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Кез келген ата-ана комиссия құрамына ене алады. Ол үшін ата-ана директорға өтінім беруі керек. Егер директор ата-ананы комиссия құрамына кіргізуден себепсіз бас тартса, онда бізге келуіне болады. Біздің міндетіміз - әр мектепті аралап, асханасын тексеру емес. Әр мектепте шынайы комиссия жұмыс істегенін қалаймыз. Әнуар Жанғозин (қалалық білім басқармасының басшысы - авт.) айтқандай, онға тарта ата-ана - комиссияға жетерлік оңтайлы құрам», - дейді Татьяна Коршунова.

Еске салайық, білім басқармасы өткізген бүгінгі баспасөз мәслихатында мектеп асханасында онлайн төлем жүйесін енгізу жайы айтылды. Оның арқасында ата-аналар баласының қандай тамақ ішкенін біліп отырады. 

Соңғы жаңалықтар