Елорда мектептері үшін 26 мың компьютер сатып алынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қадырова оқушыларды компьютерлік техникамен қамту жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық білім беру ұйымдары қашықтан оқыту және кезекші сынып режимінде жұмыстарын жалғастыруда. Үздіксіз білім беру үдерісін қамтамасыз ету мақсатында мектеп қорынан 9700 компьютерлік техника бөлінді. Жергілікті бюджеттен қосымша 8 мың компьютерлік техника сатып алынды», - деді Шолпан Қадырова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Бұған қоса республикалық бюджеттен 4 млрд 87 млн теңге сомасына 26 472 компьютерлік техника сатып алынуда.

«Қазіргі уақытта оның 6 772-сі жеткізілді. Қалған 19 700 данасы қазан айының соңында жеткізіледі. Ең бастысы – аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балалар, жетім және мүгедек балалар компьютермен қамтамасыз етілді. Осы ретте ата-аналарға айтарым, егер де мектептен берілген компьютерлерде ақау табылса, мектеп әкімшілігіне хабарласып, жөндеп алуға болады», - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, оқу жылының басынан бері елордада 18 бала COVID-19 вирусын жұқтырды. Оның 14-і қашықтан оқыған, төртеуі – кезекші сынып оқушылары.


Соңғы жаңалықтар