Елорда мектебіндегі домбыра сабағы Гиннес рекордтар кітабына енуі мүмкін
2022 жылғы 25 мамыр 13:30

Елорда мектебіндегі домбыра сабағы Гиннес рекордтар кітабына енуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жүздеген оқушысы қатысқан «Ең ауқымды домбыра сабағын» Гиннес рекордтар кітабына енгізу жоспарланып отыр. Білім мекемесі биылғы оқу жылын осы сабақпен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат мектептің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

«Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды. Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан бүгінгі күнді тарихи деп атауға болады»

, – дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма басшысы Күләш Шәмшидинова.

Айтуынша, Гиннесс рекордтар кітабына ұсынылған сабақты бақылауға арнайы бақылаушылар мен стюардтар, бұқаралық ақпарат құрал өкілдері қатысқан.

Guinness World Records (GWR) кітабына өтінім 2021 жылдың желтоқсанында берілген. Талап бойынша сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер бақылауы тиіс. Әр 50 қатысушыға бір тәуелсіз стюардтан келеді. Ол нақты топты бақылап, рекорд аймағынан шыққан немесе қажетті іс-әрекетті атқармаған қатысушыны тіркейді. Ал, куәгерлер GWR сенімді тұлғалары ретінде рекордтың орнатылуын растайды.

Бұған дейін елордадағы мектептердің бірінде «Ең ауқымды домбыра сабағы» өткені хабарланған еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT