Елорда мектебіндегі баллон оқиғасы: Оқушы аяқ киім кремі деп ойлаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аталған оқыс оқиғаға қатысты Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тексеру барысында 5 сынып оқушысына қорғану мақсатында ата-анасының сатып алып бергені анықталды. 5 қыркүйек күні үзіліс кезінде оқушы қыз қалтасынан газ баллонның қалай түсіп қалғанын байқамаған. Оны басқа сыныптасы тауып алып, аяқ киім майлайтын крем деп ойлап, аяқ киіміне сепкен. Оның қорғану үшін шашатын газ баллоны екенін қолданғанда ғана білген», - деп хабарлайды департамент.

Қалалық ведомство өз кезегінде ата-аналарға мектептің ішкі жарғыларымен қайта танысуды ұсынады. Сонымен қатар, газ баллоны секілді қорғаныш құралдарын қолданбас бұрын, балаларды оны қолдану ережесімен таныстыру керектігін ескертеді.

«Осы секілді оқыс оқиғаларды болдырмау және алдын алу мақсатында мектеп кеңесінде құқық бұзушылық бойынша профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады», - делінген ақпаратта.

Еске сала кетсек, кеше елордадағы №54 орта мектепте қорғаныш газ баллонынан уланған 9 бала ауруханаға түсті.

Араға аз уақыт салып оқыс оқиғадан зардап шеккен оқушылардың жағдайына қатысты қалалық Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.

Оқиғадан 5-сыныпта оқитын 8 бала зардап шеккен. Жедел жәрдем оларды №2 қалалық ауруханаға жеткізген. «Тексеруде 9 баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Олардан жөтел, бас айналу, көзден жас ағу, әлсіздік белгілері байқалған. Барлық балалар маман тексеруінен өтіп, сараптамаға қан тапсырды. Қазіргі уақытта балалар №2 қалалық аурухананың қабылдау-диагностикалық бөлімінің жіті бақылауында», - деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.



Соңғы жаңалықтар