Елорда мәслихатында үйлерді газға қосудың кемшіліктері айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов қала аумағында үйлерді газға қосу қарқынын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, қалалық мәслихатта аудандар белсенділерінің қатысуымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ елорда өндірістік филиалының қаланы газдандыру барысы туралы есебі тыңдалды.

«Кездескен адамдардың көбісі үйге газ тарту рәсімі өте күрделі екенін айтып жатыр. Тұрғындардың осы уәжін компания өкілдеріне қайталап жеткізіп отырмын. Неге осындай жағдай қалыптасты? Тұрғындардың шағымынан кейін Алматыға және басқа да қалалардағы әріптестеріме телефон шалып, мән-жайды білдім. Оларда осындай шектен тыс талаптар жоқ, тұрғындар қалыпты түрде үйіне газ тартып жатыр. Бізде жапсарлас салынған және басқа да құрылыстарға техпаспорт талап етеді. Бұлай істеуге болмайды. Тұрғын үйдің өзіне құжат берілді ғой, сол жеткілікті», - деді Е. Каналимов.

Осы орайда ол қажет болған жағдайда талаптарға түзету енгізу керек екенін атап өтті.

«Бұл - сіздердің ішкі құжатыңыз, акционерлік қоғамның қандай да бір қағидалары да болуы мүмкін. Егер ол тұрғындардың газға жаппай қосылуына кедергі болса, бұл пунктерді өзгерту бастамасымен шығайық. Өздеріңіз бір ережелерді ойлап тауып алғандықтан, адамдар үйіне дейін тартылған газға қосыла алмай әуре болып жүр. Үйдің маңындағы құрылыстың заңдастырылмағаны, жазғы ас үйдің кейін салынғаны сияқты сылтауларға сүйеніп, газ тартылмай жатыр. Мұның бәрі соншалықты кедергі болмауы тиіс. Өздеріңіз осындай кедергілерді қолдан жасап алғансыздар», - деді мәслихат хатшысы компания өкіліне қарата айтқан сөзінде.

Өз кезегінде жауапты мамандар тиісті заңнамада құжаттар тізімі бар екенін және аталған пунктерді алып тастау керек екенін атап өтті.

«Бүгін осы жиыннан кейін Алматыдағы әріптестермен байланысқа шығып, осы мәселе қалай шешілгенін анықтап алуларыңызды сұраймын. Олардың тәжірибесін қолдану керек, Алматыда жағдай дүрбелеңсіз шешіліп жатыр. Яғни, онда үйлерді газға қосу қарқынды жүреді», - деді Е. Каналимов.


Соңғы жаңалықтар