Елорда мәслихаты Астана атауын қайтару ұсынысын қолдады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты бас қалаға Астана атауын қайтару туралы ұсынысты қолдап дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін мәслихат әлеуметтік желілерде және қоғамда талқыланып жатқан депутаттар ұсынысын қарау бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Онда Қоғамдық кеңес мүшелері елордаға бұрынғы атауын қайтаруды қолдаған болатын. Артынша аталған ұсыныс мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралды.

«Әлемдік тәжірибеде ел астаналарының бұрынғы атауларын қайтарған жағдайлар бар. Қазір біз Жаңа Қазақстанға аяқ басып жатқанда, елорданың жаңа атауы – бұл символикалық мәнге ие болады. Жергілікті тұрғын ретінде мен бас қаламызға Астана атауын қайтаруды қолдаймын. Оны тек Қазақстанда ғана емес, барша әлем біледі. Бұл – танымал бренд», - деді маслихат депутаты Асқар Смағұлов.

Бас шаһарға бұрынғы атауын қайтару мәселесі талқыланған мәслихаттың кезектен тыс сессиясына 31 депутаттың 25-і қатысты. Сессия қорытындысы бойынша депутаттар ұсынысты қолдап, шешім қабылдады. Енді құжат Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберіледі.

Бұған дейін мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бұл процесс бірнеше кезеңнен өтетінін айтқан болатын.

Сонымен қатар, мәслихат хатшысы елорда атауын өзгертуге қатысты шығындарға түсінік берген болатын. Оның айтуынша, цифрлық құжат айналымына көшіп жатқанымызды ескерсек, онда шығындар аз болады.


Соңғы жаңалықтар