Елорда маңындағы Патша қорғанынан әйелдердің әшекейлері табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет және спорт басқармасы  Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің К. Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп Күйгенжар қорғанында қазба жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. 

Институт археологтарының зерттеу жұмыстары барысында қорғанның жоғары қабатындағы бастапқы жеті қабір ашылып, зерттелген. Археологтар тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандитаты, К. Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаның айтуынша, жерлеу рәсімі бойынша зираттар 15-16 ғасырларға жатқызылған.

«Айта кетейік, олар мұсылман дәстүрімен жерленген. Жалпы қорымнан әзірге жеті қабір қазылды. Осы жетеудің ішіндегі екі моладан әшекейлер табылып отыр, біреуін біз әйел адамның қабірі деп отырмыз. Оның ішінде қола сырға мен күміс жіп болды. Ал екіншісін бойжеткен қыз баланың қабірі деп топшыладық, себебі табылған неке жүзігі жерленген мәйіттің оң саусағында болды», - деді археологиялық топтың жетекшісі Марал Хабдулина.
null 

Қорған Қарағандыға баратын жолда Күйгенжар шатқалында орналасқан. Қазіргі кезде сақтар қорғанының шетінде қазақ зираты бар. Таспен жабылған қорғанның биіктігі 4 м, диаметрі - 60 м. Оның гранит тастары Нұра өзенінің жағасынан алынғаны белгілі.

«Қазір Астана қаласы аумағында жергілікті маңызға ие 46 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Осы 46 ескерткіштің 12-сі археологиялық ескерткіш. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Киелі Қазақстан» арнайы жобасының аясында осы жылы 4 археологиялық ескерткішке ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, ал осы қорғандағы жұмыстар соның басы», - деді Мәдениет және спорт басқармасының бөлім басшысы Асқар Қалыбаев.

Оның айтуынша,  осы қорғанның таңдалған себебі бұл жердегі ауыл зираты қорғанға тақап қалған. Бір-екі қабір тура іргелес қазылған.

«Қорымға қарап отырсаңыздар жер қатпарынан да байқалады. Топырақ қабаты сары, қоңыр түсті. Біз осы қорымның нақты қай ғасырға жататының анықтау үшін төрт бас сүйектің азу тісі мен алдыңғы тістерін алып Италияға, ал антропологиялық сынама жүргізу үшін сүйектерді Алматыға жібереміз. Онда адамның шығу тегін, дамуын, дене құрылысын, нәсілдік ерекшеліктерін анықтайды», - дейді Марал Хабдулина. 

Соңғы жаңалықтар