+7 (701) 759 90 19
USD 424.99 EUR 504.21
RUB 5.81 CNY 65.66
Jańalyqtar

Елорда маңындағы елді мекендерде қандай құрылыс салынады

2021 жылғы 18 маусым 11:46
Бөлісіңіз:
Елорда маңындағы елді мекендерде қандай құрылыс салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес тағы 130 км сумен жабдықтау және су бұру желілері, 85 км нөсер кәрізі, қосалқы станса мен 177 км электрмен жабдықтау желілері, 23 км жылумен жабдықтау желілері, 3 кешен нөсер кәріздерін тазарту құрылыстары салынады.

Ұқсас жаңалықтар
Нұр-Сұлтанда халық санағының негізгі кезеңіне дайындық басталды Нұр-Сұлтанда биыл ұзаққа созылған 57 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады Өскеменде төрт қабатты Теннис орталығы салынып жатыр

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қаладағы елді мекендерді аралауды жалғастырамыз. Өздеріңіз білетіндей, бізде олардың саны - 16. Онда тұратын халықтың саны - 300 мыңға жуық адам. Бұл - елорданың әрбір төртінші тұрғыны елді мекенде тұрады деген сөз.

Көктал-1 елді мекені тұрғындарымен кездестім. Аталған елді мекенде қордаланып қалған бірқатар мәселені шешу жұмыстарымен айналысып жатырмыз: жол салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, су тарту, кәріз салу, жарықтандыру және т. б. жұмыстар.

Көктал-1 елді мекені тұрғындарымен кездесуде ең бірінші кезекте атқарылуы қажет жұмыстар туралы әңгімелесіп, пікір алмастық. Мәселен, қалалықтар жол, тротуар, скверлер/бульварлар, балалар мен спорт алаңдарын салу және жарықтандыру, т. б. мәселелер туралы өз ойларын білдірді. Айтылған мәселелерді назарға алып, осы елді мекеннің алдағы даму жоспарына енгіземіз.

Мысалы, Көктал-1 елді мекенін тұтастай газбен қамтамасыз еттік. Сонымен қатар биыл №40 мектеп-лицей аумағында екі ауысымда 1 мың орынды қамтитын тағы бір оқу орны салынды. Осылайша мектептің жүктемесі азайып, жаңа оқушы орындары ашылады. Соған қоса, осы елді мекенде қалалықтардың таза ауада салауатты өмір салтын сақтай отырып, жайлы жағдайда уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретін тағы 2 қоғамдық кеңістік саламыз (Ақтолқын көшесі, Бастаңғы қиылысы).

Өткен жылы елді мекенде бірінші рет парк салынды. Оның ауқымы - 15 га. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл парк біздің қалалық парктен 2 есе үлкен. Көкталдағы жаңа паркте баскетбол, футбол алаңдары мен воркаут-аймақтар, тыныш демалуға және иттерді серуендетуге арналған аймақтар бар.

Мемлекет басшысы елді мекендерді дамытуға ерекше көңіл аударады. Сондықтан барлық елді мекендерді дамыту бағытында жұмыс жүргізудеміз.

Мысалы, былтыр шет аймақтарда 100 көше, 345 км газ тарату желілерін салдық. Үш елді мекен тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды. Жаңа жылыту маусымында тағы 7 елді мекен газға көшіріледі.

Бұған қоса, 13,5 км инженерлік желі, 5 км-ден астам кәріз желісі және су құбырын тарттық, 3 км-ден астам нөсер кәріздері салынды. Өткен жылы 40 қоғамдық кеңістікті бос жатқан тың жерден жаңадан салдық: олар - парктер, скверлер, бульварлар. (Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Интернациональный, Өндіріс және т. б.).

Жоспарда тағы 50 парк пен сквер салу, 120 км-ден астам велосипед жолын төсеу және т. б. жұмыстарды атқару көзделіп отыр.

Өндіріс, Көктал, Ильинка, Железнодорожный елді мекендерінде дене шынықтыру және сауықтыру кешендерінің құрылысын жүргізудеміз. Ол орындарда спортпен айналысуға арналған кабинеттерден бөлек, егде жастағы адамдардың қызығушылығы бойынша клубтар, ХҚО, полиция, пошта бөлімшелері және т. б. орналастырылатын болады. Аталған кешендерге тұрғындар тегін барады. Оларды биыл ашуды жоспарлап отырмыз.

Алдағы жылдары Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес тағы 130 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 85 км нөсер кәрізін, қосалқы станса мен 177 км электрмен жабдықтау желілерін, 23 км жылумен жабдықтау желілерін, 3 кешен нөсер кәріздерін тазарту құрылыстарын саламыз.

Осылайша, бұған дейін айтқанымдай, біздің мақсатымыз – шет аймақтарды шағын аудандарға айналдыру. Бұл шағын аудандардың таза ауада демалуға арналған орындары, әлеуметтік нысандары, жайлы өмір сүру үшін қолайлы инфрақұрылымы және т. б. Болады», - деп жазды елорда әкімі.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT