19:13, 02 Шілде 2021 | GMT +6
Елорда маңындағы елді мекенде жанар-жағармай құю бекеті өртеніп жатыр
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылында орналасқан «Норс» жанар-жағармай құю бекетінде газ жанып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан хабарлайды.
Қауіпсіздік мақсатында сол жердегі автокөлік қозғалысына шектеу қойылып, жол жабылды.
Жанармай құю бекеті «Нұр-Сұлтан-Қарағанды» жолы бойында орналасқан.
Куәгерлердің айтуынша, өрт газ құю орны жанынан шыққан.
Атап айтқанда, қызыл жалын жүк көлігі мен оның тіркемесіндегі цистернаны шарпыды.
Оқиға орнына Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының өрт сөндірушілері тартылып, олар жедел шаралар қабылдап жатыр.
Әзірге, өрттің себебі белгісіз.