Елорда құрылыстарында климат жағдайы қаншалықты ескеріліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қысы мен жазында 80 градустық айырмашылық бар Нұр-Сұлтан (қыста -40, жазда +40) қаласында ғимарат салынғанда климаттық жағдай қаншалықты ескеріледі? Шыны немесе плитамен қапталған ғимараттар қаншалықты төзімді? ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жауап берді.

«Бүкіл әлемде осындай құрылыс материалдары (шыны мен плита- авт.) қолданылады. Барлығы қолданылатын материалдардың сапасына, құрамына байланысты. Нұр-Сұлтанда белгілі бір нысанды тұрғызу барысында климат ерекшеліктерін ерекше ескеріледі. Заманға сай материалдар ғана қолдннылады. Жобада көрсетілген материалдың сәйкестігін қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бақылайды», - деді сауалға елорда әкімдігінен.

Әкімдік кез-келген материал уақыт өте келе тозатынын, оның сапасы мен түріне байланысты 10-50 жылдан кейін жаңартуды талап ететінін атап өтеді.

«2013 жылы қаланы дамыту жөніндегі отырыстардың бірінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада табиғи тастардан – травертин, гранит, мәрмәрдан жасалған жоғары сапалы материалдарды ғана қолдануды тапсырды. Бұдан кейін құрылыс салушылар оларды жиі қолдана бастады», - делінген жауапта.

Сонымен қатар, қала басшылығы жалпы қаладағы ғимараттардың көркемдігін, күтіп ұсталуын кім қадағалайтынын түсіндіріп берді.

«Мейрам кезінде ғимараттардың сыртқы безендірілуіне аудан әкімдіктері жауапты. Құрылыс салуға жоспарланған нысандардың эскиздік жобасын Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы келіседі. Бұл ретте ғимараттардың жалпы стилистикасы, «қызыл сызықтардың» сақталуы, тығыздығы, қабаттылығы, өртке қарсы талаптардың сақталуы ескеріледі. Нысанды салу барысын тапсырыс беруші, авторлық және техникалық қадағалау, сондай-ақ мердігер жүргізеді. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бақылау жүргізеді. Нысан пайдалануға енгізілгеннен кейін тұрғын үй кешендерінің лайықты жағдайына ПИК, ал егер әкімшілік ғимарат болса – оның меншік иесі жауап береді», - делінген әкімдіктің жауабында.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісінде қаланың сыртқы келбетіне қатысты сын айтқан болатын.

«Елордада қала құрылысының бірыңғай саясаты жоқ. Бұл, бірқатар ауданда ретсіз, бейберекет құрылыстарға алып келеді. Көшелер мен ғимараттарды рәсімдеудің бірыңғай үйлесімді стилі жоқ. Сіздер елорданы көру үшін арнайы келген туристердің пікірлерін естіген де шығарсыздар. Толықтай алғанда, олар әрине, оң пікірлер. Бірақ, қалада эклектиканың да жоқтығын атап өтеді. Бір ғимарат бір стильде, екіншісі басқа стильде салынған. Ең бастысы, жайлылық жоқ. Плиталары ұшып, асфальт жарылып жатыр. Жасыл өскін аз. Жалпы, қаланы қадағалап, күтіп ұстамайтындай сезім қалыптасады. Қожайыны жоқ», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар