Елорда күніне орай Оралда 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елорда күніне орай Оралда 9 қабатты 90 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ружейников көшесі 12-мекенжайда апатты үйдің орнына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тұрғызылған жаңа мекенге 36 оралдық отбасы көшті.

Жаңа баспана иелеріне пәтер кілттерін облыс әкімі Ғали Есқалиев табыс етті.

«Барлық өңір тұрғындарын Елорда күнімен құттықтаймын. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында қазақтың кең байтақ даласында теңдесі жоқ қала салынғанын барша әлем біледі. Қазіргі кезде астанамызда 1 млн астам адам тұрып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласына қарап өңірлер дамуда. Бізде де тұрғын үйлер, жаңа мектеп, балабақша, ауруханалар бой көтеруде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған жаңа үйдің инфрақұрылымын тартуға мемлекет тарапынан 100 млн астам теңге бөлінді. Құрылысты салған «Болашақ-Т» ЖШС ұжымына алғысымызды білдіреміз», деді өңір басшысы.

Жаңа үйден пәтер алғандардың бірі, 11 баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Мәстура Атаулина бұл қуанышты көптен күткенін айтып, баспаналы болғандардың бәрін Елорда күнімен құттықтады.

Қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің сөзіне қарағанда, Оралда 52 үй апатты жағдайда деп танылған. Тозығы жеткен 200-дей үй тағы бар.

2015 жылдан бері шаһарда 19 апатты үй сүріліп, орнына қазіргі заманғы көпқабатты 8 ғимарат бой көтерді.

Оның ішінен 1500-ден астам адамы бар отбасылар жаңа пәтерге қол жеткізді. Аталмыш бағдарлама бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.


Соңғы жаңалықтар