Елорда кубогында қазақстандық 23 боксшы финалға шықты
2022 жылғы 4 шілде 07:25

Елорда кубогында қазақстандық 23 боксшы финалға шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Елорда кубогы» халықаралық турнирі бүгін аяқталады. 4 шілдеде финалдық жекпе-жек өтіп, ерлер арасында 13 чемпион, қыздар арасында 12 чемпион анықталады. Турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, ерлер арасында Қазақстанның 54 боксшысы сынға түскен.

Соның 16-сы финалға жолдама алды.

Тіпті, кейбір салмақ дәрежесінде Қайрат Сәтжанов шәкірттері финалға берілер жолдаманы өзара сарапқа салуға мәжбүр болды.

Осылайша көшбасшы боксшыларымыздың нағыз бабында екені қуантты. Бұл жерлерде соңғы әлем чемпионатының финалистері - Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан сынды саңлақтарымызды ерекше атап өткен жөн.

Енді олар «Елорда кубогының» чемпиондық атағын Қытай, Куба, Өзбекстан боксшыларына қарсы айқаста сарапқа салады.

Айта кетейік, жартылай финал күні Қазақстан әуесқой боксының қазіргі таңдағы жарқын жұлдызы Сәкен Бибосынов 25 жасқа толды.

Сонымен қатар, жартылай финалға ағайынды-егіздер Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар және Айбек, Нұрбек Оралбайдар да шықты.

Ал финалдағы ең қызықты жекпе-жектердің бірі 71 келі салмақ дәрежесінде өтуі тиіс. Мұнда жерлесіміз Аслан Шымбергенов әлем чемпионы, жапон Севон Оказавамен айқасады.

Әйелдер боксына келер болсақ, бас бапкер Шәміл Сафиуллин сенім артқан 45 аруымыздың жетеуі бас жүлдеге таласпақ.

Мұнда бәсеке тіптен жоғары. Елордаға әлем мықтылары - Қытай мен Үндістан келген. Сондай-ақ, соңғы кездері көрші Өзбекстан қыздары да қарқын алған.

Қыздар да барын салып жатыр. Әсіресе, Марина Вольнованың ерлігін атап өтпеске болмайды.

Қазақстан әйелдер боксынан тұңғыш болып Олимпиада жүлдесін жеңіп алған Марина 75 келіде финалға шықты. Оның ақтық айқастағы қарсыласы - Қытай боксшысы.

Одан бөлек, Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова да үстемдігін байқатып, финалға шықты.

Ал финалдағы боксшыларының саны бойынша Қазақстан арулары тек Қытайға жол беріп тұр.

Финалдық жекпе-жектер 4 шілдеде елорда уақытымен сағат 14:00-де басталады.

Фото: www.instagram.com/boxingkazakhstan
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT