Елорда көшелерін күтіп ұстау үшін қанша қаражат керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда көшелеріне орташа жөндеу жүргізіп, жақсы деңгейде ұстап тұру жылына қанша қаржыны талап етеді? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі жылдан бастап елорда көшелерін орташа деңгейде жөндеуге бөлінетін қаржы лимитін көтеруді сұрап отырмыз. Бұған дейін жыл сайын көшелерді орташа жөндеу жұмысына 5 млрд теңге бөлініп келді, биыл ол сома 8 млрд теңгеге дейін өсті. Енді 2022 жылы бөлінетін қаржы көлемін 10 млрд теңгеге арттыруды сұраймыз. Бұл қаражатқа қаланың 100 көшесін орташа жөндеуге болады. Оның ішінде жөнделуі керек 63-65 көше тұрғын үй алаптарында орналасқан. Жалпы елорда көшелерінің жағдайын жақсы деңгейде ұстап тұру үшін жыл сайын 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу керек. Бұл - тек орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін», - деді Жансұлтан Сапарбаев елорда мәслихатының тұрақты комиссия отырысында.

Оның айтуынша, қалада 5-7 жыл бойы орташа деңгейдегі жөндеуден өтпеген көшелер бар.

Сондай-ақ, аталған жиында қаланың орталық стадионын қайта жаңарту жұмысы неге созылып кеткені айтылды.

Одан бөлек, Нұр-Сұлтандағы көмір тапшылығының себебі түсіндірілді.


Соңғы жаңалықтар