Елорда кәсіпкерлері жерді алғаш рет электрондық аукцион арқылы алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында кәсіпкерлерге көше саудасын жүргізу үшін жер учаскелері алғаш рет электрондық аукцион арқылы үлестірілді. Бұл туралы «Astana» ӘКК» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәсіпкерлік субъектілеріне көше саудасын жүргізу үшін жер учаскілерін үлестіру алғаш рет www.gosreestr.kz порталында жүргізілді.

«Astana» ӘКК» мәліметі бойынша, электрондық платформа өтініш беруден бастап электрондық саудағы қатысу, хаттамаға қол қою процестеріне дейін түгел қамтуға мүмкіндік берді. Яғни аукционға қатысу үшін арнайы белгіленген орынға барудың қажеттілігі болған жоқ. Саудаға қатысу үшін өтініш қалдыру, порталдағы жеке кабинетке кіру, сондай-ақ хаттамаға қол қою ЭСҚ (электрондық сандық қолтаңбаның) көмегімен жүзеге асырылды.

«Аталмыш электрондық платформа жер учаскелерін қосалқы жалгерлікке беру аукционын алғаш рет өткізді. Бұған дейін порталда жеке иелікке берілетін мүлік саудаға қойылатын. Жер учаскелерін үлестіру аукционының сәтті өтуі ең алдымен, шағын және орта бизнес өкілдері арасында «1000 орын - көше саудасы» жобасына сұраныстың жоғары екендігін және аукцион өткізу тәсіліне сенім болғандығын көрсетеді. Біз «1000 орын - көше саудасы» бағдарламасы аясында сауда орындарын үлестіру процесін барынша ашық жүргізуді көздейміз. Қолданыстағы сандық технология құжаттар топтамасы және реестрде заңсыз өзгерістер енгізуге жол бермейді. Жер учаскелерінің тізімі барлық мүдделі тараптармен келісілген, ал бағдарлама қатысушысына қойылатын жалғыз талап - қолданыстағы заңнама талаптарына сай әрекет ету», - деп атап өтті «Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Темірлан Нұрғисаев.

Бұған дейін «Astana» ӘКК Нұр-Сұлтан қаласында көше саудасын жүргізуге сауда павильондарын орналастыру үшін жер учаскелерін субарендаға алу жөнінде өтініштер қабылдана бастағанын хабарлаған болатын. Ол 20 наурыз - 4 сәуір аралығында өтті. Аукционға барлығы 10 жер учаскесі қойылды. Оған қатысу үшін барлығы 81 кәсіпкерден өтініш қабылданды.

Саудаға қойылған жер учаскелерінің нысаналы мақсаты - мобильді сату нүктесін (көкөніс, жеміс-жидек), стационарлық емес азық-түлік өнімдерін сату нүктесін (нан-тоқаш өнімдері, сүт пен шұжық өнімдері), дайын тамақ өнімдерін сату нүктесін (сусындар, балмұздақ, фаст-фуд) орналастыру.

Соңғы жаңалықтар