Елорда кәсіпкерлері қандай мәселелер бойынша жиі шағымданады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Астана филиалында елордалық кәсіпкерлердің арыз-шағымдары қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі 

Жергілікті кәсіпкерлердің қаралған арыз-шағымдарының саласы әралуан, оның ішінде атқарылған жұмыс ақысының төленбеуі, жасанды сәндік қолданбалы бұйымдардың сатылуы, банктегі өз қаражатын ала алмау және тағы басқа мәселелер бар.

«Менің шағын ломбард орталығым бар. Өзімнің қол астымда жұмыс істейтін кассир қыз ірі көлемдегі ақшаны алып, тонап кетті. Әділдік іздеп жүргеніме бір жыл болды, күдікті әлі ұсталған жоқ. Бармаған жерім жоқ, енді бүгін үмітпен Атамекенге келдім», - деді астаналық кәсіпкер Светлана Жанайдарова. 

«Атамекен» палатасының Астана қалалық филиалында әр кәсіпкердің мәселесі комиссиялы түрде жеке қаралды. 

«Кәсіпкерлердің проблемаларын алдымен өз қарауымыздан өткізіп, бірігіп жұмыс істеу арқылы шешуге тырысамыз. Олай шешілмеген жағдайда мәселе құқықтық органдардың аясында қаралады. Бізге келген әрбір кәсіпкердің мәселесі жеке қаралып, тиісті шаралар қабылданады», - деді Астана қаласының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев. 

Сонымен қатар, кеңес төрағасы кәсіпкерлерден түсетін шағымдар көбінесе архитектура, мемлекеттік сатып алу, салық төлеу және жер теліміне қатысты екенін атап өтті.  

Соңғы жаңалықтар