Елорда іргесіндегі жасыл аймаққа биыл 10 млн ағаш отырғызылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан іргесіндегі «Жасыл аймақ» орманды алқабында жыл сайын 8 млн ағаш көшеті отырғызылады. Өсіп жатқан ағаштардың дені - көпжылдық және қылқанжапырақты. Осы орайда, «Жасыл аймақ» мемлекеттік республикалық кәсіпорнының бас директоры Мұхит Рамазанов ҚазАқпарат тілшісіне аталған аумақта орман шаруашылығын дамыту жұмысы туралы айтып берген еді.

«Жасыл аймақ» орман алқабы 2000 жылы 10 ақпанда құрылған. Ал, ағаш отырғызу жұмыстары 1998 жылдан бастап қолға алынды. Содан бері бұл жерге 146 млн ағаш отырғызылды. Орман алқабының жалпы аумағы - 90 мың га. Бұл жерде өсіп жатқан ағаштардың қатарында қарақат, қайың, шаған, үйеңкі, терек, жиде бар. Сонымен қатар, қылқан жапырақты ағаш түрлері де өседі. Одан бөлек, ағаштар Сібір мен Қытайдан әкелініп отырғызылған. Әрине, сырттан әкелген ағаштардың бейімделіп өсіп кетуі қиынға соғады. Бірден жерсініп кетпейді, ол үшін арнайы күтім керек», - деді Мұхит Рамазанов ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында.

Маманның мәлімдеуінше, орман алқабына отырғызылатын ағаш түрлері алдымен сол жерге бейімдеу процесінен өтеді.

«Бізде 2 питомник бар, сол жерде мамандар түрлі ағаш көшеттерін отырғызып, зерделеп, сынақтан өткізеді. Ағаш отырғызу маусымы кезінде 1500-2000 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, өзіміздің кішігірім зертханамыз бар. Ол жерде біздің мамандар өсімдіктер тұқымының шығындылығын зерттейді. Әр ағаш түрі бойынша жеке мониторинг жүргізіледі. Содан соң ағаш түрлерін сыныпқа бөлініп, одан әрі селекциялық орталыққа жіберіледі. Ол жерде ағаштарға талдау жасалады. Соның қорытындысы бойынша қай жерде, қандай ағаш өсірген абзал деген тұжырымдама жасалады», - дейді ол.

«Жасыл аймақ» орманды алқабына жоспар бойынша жыл сайын 8 млн ағаш көшеті отырғызылады.

«Біздің орман алқабы Президент жария еткен елімізде 2 млрд ағаш отырғызу жобасына кіреді. Биылғы жоспар бойынша 4 мың га жерге 10 млн ағаш көшетін отырғызамыз. Бүгінде аталған жұмыстың 70 пайызы орындалды. Өткен жылы 6 млн түп ағаш көшеті отырғызылды», - деді кәсіпорын басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы көктемде еліміз бойынша 200 млн астам көшет отырғызылды. Ал, Арал теңізінің тартылып қалған жерлерін көгалдандыру мақсатында 3 млн 600 мың түп сексеуіл егілді.

Соңғы жаңалықтар