Елорда іргесіндегі ауылдарда су тасқыны қаупі сейілді - әкім

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград және Аршалы аудандарында су тасқыны қаупі біршама төмендеді. Бұл туралы жыл сайын көктемгі су тасқынынан зардап шегетін астананың іргесіндегі аудандарда жүргізіліп жатқан алдын алу шаралармен танысқан аймақ басшысы Ермек Маржықпаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі кезде Целиноград ауданында жағдай тұрақтанып келеді.

Есіл өзенінің бойындағы су басуы ықтимал аймақта орналасқан Қоянды, Софиевка, Қараөткел, Талапкер ауылдық округтерінде тәулік бойы еріген қар суын сору, инертті материал салынған қап төсеу, каналдарды жайластыру және тазалау жұмысы жүргізілді.

Нұра өзенінің бойында 8 жерден мұз жарылып, судың кедергісіз ағуына жағдай жасалды.

Аймақ басшысы Қосшы қаласы мен Целиноград ауданындағы елді мекендерде кәріз жүйесін салу бойынша ұсыныс жасауды, сондай-ақ, жобалардың сметалық құнын есептеуді тапсырды.

«Міндетті түрде суағар салу, оны Қоянды және Қараөткел ауылдарынан кезең-кезеңмен бастау керек. Су басудың негізгі қаупі төмендеді. Бұл ретте елді мекендерден қарды уақытылы шығарудың пайдасы тиді», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сонымен бірге, Ермек Маржықпаев Жібек жолы кентіндегі су өткізу арналарының тазалығына да назар аударды.

Айта кетейік, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары аясында 14 ауданның 53 елді мекенінде 47 су өткізу нысандары жөнделді.

Жалпы ұзындығы 35 шақырым су бұру арналары кеңейтіліп, тереңдетілді, өзен арналары тазартылды, топырақ үйіндісінен тұрғызылған бөгеттер нығайтылды.


Соңғы жаңалықтар