Елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллионға жетуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы 10 жылда елордадағы халықтың саны тағы бір миллионға артады. Мәселен, 1998 жылы өңірде 300 мыңдай адам тұрса, бүгінде елорда тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға таяды. Дүниеге келетін сәбилердің қатары бірнеше есеге көбейді, деп хабарлайды Хабар 24.

«Бір қызығы, ол кезде елорда емес, облыс орталығында жергілікті ақпаратта «біз бүгін осы қалада 6 баланы дүниеге әкелдік» десе, қазір күніне 60 баладан артық дүниеге келеді. Сондықтан қалада бала туу саны 8 еседен асып кетті. 8 жарым есеге жетіп қалды. 1998 жылы қалада 4200-ден астам бала туса, 2019 жылдың 5 айында 12 мың 600 бала туып отыр. Айырмашылық өте үлкен», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау палатасының атқарушы директоры Қаршыға Құлмұқанов.

Дүниеге келгендердің қатары 8 есеге артса, өлім-жітім көрсеткіші кеміді. Бала өлімі 4 есеге, ана өлімі 2 жарым есеге азайды. Елордадағы халықтың саны бір жылда орташа есеппен 50 мыңнан 100 мыңға дейін көбейіп отырады. Тиісінше 21 жылда қаланың аумағы 3 есеге өскен.

Енді білім саласы. 21 жылдың ішінде бас қалада 67 мектепке дейінгі білім беру мекемесі 70 мектеп пен 2 колледж және озық үлгідегі оқушылар сарайы салынды. Балабақшадағы бүлдіршіндердің саны 20 жылда 50 мыңға өсті. Мемлекеттік бөбекжайлардың қатары алғашқы жылдары 13 болса, бүгінде 94-ке жетті.

«Мемлекеттік балабақшалармен қатар жекеменшік балабақшалардың саны өсті. 21 жылдың ішінде 229 жекеменшік балабақша ашылды. Яғни осы жекеменшік және мемлекеттік балабақшалардың санының көбеюі арқасында біз балаларды балабақшамен қамтуды 90 пайызға жеткіздік»,- деді Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев.

Енді тұрғын үй өсімін айтайық. Елордада 1998 жылы халыққа жалпы ауданы 139 мың шаршы метр болатын 1308 пәтер берілді. Содан күні бүгінге дейін қала тұрғындарына 205 мың 410 пәтердің кілті табысталыпты.

«Тек 2018 жылы жалпы ауданы 2 миллион 378 мың шаршы метр 23 мың 360 пәтерлі 126 үй пайдалануға берілді. 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 миллион 700 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты жиындық-талдау бөлімінің бас инспекторы Дәурен Керімбеков.

Елордалықтар жылына шамамен 900 мың тоннадан артық өнім тұтынады. Яғни бас қаланың тұрғындары бір күнде 2 жарым мың тонна азық-түлік сатып алады. Елорда өзін-өзі тамақ өнімдерімен 22 процентке қамтып отыр.

Ал азық-түлік белдеуіне кіретін Ақмола мен Қарағанды облыстары ел астанасын түрлі тағаммен 31 процентке қамтамасыз етіп келеді.

«Осы жылдың бес айының көрсеткіші бойынша 57 мың тоннадан астам өнім әкелінген болатын осы азық-түлік белдеуінен. Сонымен қатар қалған 47 пайызын еліміздің басқа облыстары мен импорт тауарлар болып келеді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлік басқармасының бас маманы Азамат Рәшитов.

Айта кетсек, осы кезге дейін елордада 3,2 триллион теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылды. Өнім өндіру көлемі 21 жылда 30 есеге өсті. Барлық саласы ілгері дамып жатқан елорда халқының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетіп, 2050 жылдары 3 миллионнан асады деген болжам бар.

Соңғы жаңалықтар