Елорда еріктілері мүгедектер бірлестігінің ауласында сенбілік өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана волонтерлері «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығы мүгедектер қоғамдық бірлестігі орналасқан ғимарат аумағында сенбілік өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенбілік Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қолға алынған «30 игі іс» қайырымды шаралар шерунің аясында ұйымдастырылды. Оған ұйытқы болған - Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» мекемесі.

«ДОС» тәуелсіз өмір» орталығының аумағына жиналған 15-ке жуық ерікті аумақта санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп, ағаштарды әктеп, қоқыс пен қар қалдықтарын шығарды.

«Бүгін мүгедектер қоғамдық бірлестігіне келдік. Аумақты абаттандырып, қардан тазартуға, қоқыс шығаруға көмектесеміз. Қыстан қалған лайсаң аулалардың сұрқын қашырып, жүріп-тұруға қолайсыз жағдай туғызады. Сондықтан аумақты тазарту қажет. Біз бүгінгі шараға қаламыздың келбетін көрнекі қалпында сақтау үшін үн қосқанымыз жөн деп шештік», - дейді «Астана жастары» мекемесінің еріктісі Олжас Амангелді.


Олжас тұрақты жұмысы бар болса да, волонтерліктен қол үзбейді. Жұмыстан қолы босай қалса, қайырымдылық шараларына үлес қосуды әдетке айналдырған.

«Университет бітіргеннен кейін жұмысқа орналастым. Бос уақытымды өзіме де өзгелерге де пайдалы ұйымдастыру үшін еріктілермен байланысымды үзген жоқпын. Есесіне осы ортадан жаңа достар таптым. Сан түрлі тағдырды көріп, өмірге қажет тәжірибе жинақтап жатырмыз. Бір жағынан болмыстың жақсы қалыптасуына да ерктіліктің әсері үлкен. Неғұрлым жақсылықты көп жасасаңыз, жан-дүниеңіз соғұрлым таза болады», - дейді елордалық ерікті.


Олжас Амангелді қайырымдылық жасай жүріп кейбір мұқтаж жандармен туысқандай жақын араласып кеткенін айтады.

«Қыс бойы бір топ еріктілер жалғызбасты зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың аулаларын қардан аршып беріп отырдық. Тіпті қоршаған ортаға да қамқорлық танытып, құстарға ұя жасап ілдік, жануарларға азық жеткізіп бердік. Бір жалғызбасты әжеге көмектесе жүріп туысқанындай болып кеттім. Ол кісі де мен үшін туған әжемдей қадірлі адамға айналды. Әрқашан көмектескім келіп тұрады», - дейді ерікті жас.


Соңғы жаңалықтар