Елорда бюджетінде әлеуметтік саланы қаржыландыру ерекше тәртіппен қаралды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында бюджетті нақтылау мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетіне енгізілетін өзгерістерде тиісті талдау негізге алынып, меншікті кірістер бойынша жоспарды 68 млрд теңгеге, яғни 553 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Оның ішінде салық түсімдері 54 млрд теңгеге, салық түсімдеріне жатпайтын кірістер 5,1 млрд теңгеге, сондай-ақ негізгі капиталды сатудан келетін түсімдер бойынша 9,6 млрд теңгеге дейін ұлғайту ескерілген», - деді елорданың Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев

Оның айтуынша, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау басымдығы аясында әлеуметтік саланы қаржыландыру мәселесі ерекше тәртіппен қаралды.

«Әлеуметтік салаға 21,4 млрд теңге бағытталды. Бұл бюджеттік сала кәсіпорындары мен ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, қарттарды қолдауға, «Инватакси» тасымалдау қызметін көрсетуге бөлінді. Бұдан басқа, гранттар беру арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша бағаны тұрақтандыру үшін қаражат жоспарланды», - деді басқарма басшысы.

Денсаулық сақтау саласында ангиограф, дәрілік заттар сатып алу, медицина нысандарын күрделу жөндеуден өткізу ескерілген.

Сонымен қатар, білім саласында педагогтердің жалақы қорына, оқулық сатып алуға, жоғары оқу орындарында 1 200 орынға педагогика және медицина мамандықтарына мемлекеттік тапсырысқа қаражат қарастырылды.

«Қаражаттың едәуір бөлігі инфрақұрылымды нығайтуға, жол-көлік желісін күтіп ұстауға әрі дамытуға бағытталатын болады. Қала көшелерінің құрылысын аяқтауға және жолаушылар тасымалын субсидиялауға қаражат бағытталады», - деді Қайсар Маңқараев.

«Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының 2022 жылға нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 885 млрд 234 млн теңгені құрайды. Оның ішінде меншікті кірістер бойынша түсімдер 552 млрд 862 млн теңге, республикалық бюджеттен трансферттер түсімі 236 млрд 927 млн теңгені қамтиды», - деді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар