Елорда автобустарының жол апаттарына түсу себебі аталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада жолаушылар тасымалы саласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында «Астана LRT» ЖШС басшылығымен кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға барлық автобус парктерінің директорлары, кәсіподақ өкілдері және бас мемлекеттік еңбек инспекторы қатысты. Оның барысында қоғамдық көліктің жұмысы, қызметкерлердің құқықтарын тиімді қорғау мәселесіндегі кәсіподақ ұйымдарының рөлі талқыланды.

Қалалық кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуынша, жазатайым оқиғалар көп жағдайда еңбектің қанағаттандырарлық деңгейде ұйымдастырылмауынан, қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан болады. Ол кәсіподақ өкілдерін қоғамдық көлік жүргізушілерінің құқықтарын қорғауда белсенді позиция ұстануға шақырды.

«Ал тасымалдаушылар жүргізушілердің тапшылығы туралы өзекті мәселені қозғады. Олар табысты көлеңкелі айналымнан шығара алғандарын мойындайды. Алайда, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру үшін субсидиялардың маңыздылығын атап өтті», - делінген «Астана LRT» ЖШС ақпаратында .

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұлов тараптардың жауапкершілігі тұрғысында еңбек заңнамасының маңызды аспектілерін түсіндіріп өтті.

«Жүргізушінің жұмысы аса қауіпті. Олардың еңбек және демалыс тәртібін сақтау - өте маңызды мәселе. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, режімнің бұзылуы жолдардағы апаттық жағдайларға әкелуі мүмкін», - деді ол.

Сондай-ақ Е.Исмағұлов автобус парктері директорларының және жүргізушілердің еңбек қатынастарын жақсарту бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді және әрбір автокәсіпорындағы еңбек режіміне үнемі аудит жүргізуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар