Елорда автобустарының алғашқы жұмыс күні: Қала көшелерінен репортаж

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап елордада қоғамдық көлік қатынай бастады. Алайда қалалық автобус парктері толық қуатында қызмет көрсетуге кіріскен жоқ. Дегенмен, аялдамаларда автобус күткен адамдарды көруге болады. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі төтенше жағдай режимінен кейін жұмысына кіріскен автобустардың алғашқы жұмыс күнін бақылап қайтқан еді.

Нұр-Сұлтан қаласының автобус жүргізушілері үшін жұмыс күні бүгін таң атысымен басталды. Қала көшелеріне шығатын автобустар алдымен жіті дезинфекциядан өткізіледі. Осыдан кейін таңғы сағат 7-де жолаушылар автобуспен діттеген жеріне бара алады.

«Жұмысымызды таңертеңгі 7-ден бастаған едік. Әзірше жолаушылар қарасы қалың емес. Мүмкін қоғамдық көліктің жүре бастағанын әлі естімей жатқан шығар. Жұмыс барысында қауіпсіздіктің барлық шараларын сақтап, жолаушылардың мүмкіндігінше бір-бірінен алшақ болуын қадағалап отырамыз. Антисептикті үнемі қолданамыз. Соңғы аялдамада автобустың ішінде залалсыздандыру жұмыстарын жүргіземіз», - дейді №56 бағдардың жүргізушісі Сәкен.

Автобустардың сыртқы қапталында ірі әріптермен «Маскасыз кірмеңіздер!» деген ескерту жапсырылған.

«Иә, бүгіннен бастап жұмысқа кірістік. Әріптестерімнің басым бөлігі жұмыс басталғанына қуанып жатыр. Ал өзім карантин кезінде де демалмай, тапсырыс бойынша жұмыс істеген едім. Бізді түрлі ұйымдар қызметкерлерін тасымалдау үшін жалдады», - дейді №29 бағдар жүргізушісі Ерасыл.


Ерасыл да автобус салоны бір тәуліктің ішінде 2-3 рет дезинфекцияланатынын айтады.

Аялдамаларда автобус күткен жолаушылар тұр. Дегенмен, әдеттегі күндегідей емес, адам аяғы сирек. Өзін Әлия деп таныстырған елорда тұрғыны қоғамдық көліктің жолға шыққаны дұрыс болды деп есептейді.

«Жұмыстарыңмен қала ішінде жүруге мүмкіндік жасалғаны дұрыс болды. Шынымды айтсам, үйде бос отырып, әбден шаршап кеттік. Бірақ, амал қанша. Енді қоғамдық көлікпен ары-бері жүргенде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағанымыз жоқ. Еркінсуге болмайды. Себебі, коронавирус әлі толық жойылмады, елімізде де, елордамызда да індет әлі бар», - деді ол.




Балаларымен қыдыруға шыққан тағы бір елордалық Руслан есімді жолаушы да автобустардың қатынай бастағанын құп көреді.

«Балалар үйден әбден зерігіп, далаға шыққысы келеді. Әрине, ауладаға балалар алаңы ашылды. Алайда, балалар серуендегісі келеді. Сондықтан таза ауа жұтып, бой сергітсін деп саябаққа алып бара жатырмын. Қауіпсіздік шараларын да естен шығармаймыз, маскамыз бар», - деп күледі Руслан.

CTS компаниясы қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Оксана Лоскутова бүгін таңертең 392 автобус жолға шыққанын айтады. Жалпы жоспар бойынша қала көшелерінде 451 автобус жүйткуі тиіс болған. Жуылып-шайылып, залалсыздандырылып үлгергені осы болыпты.

Сонымен сағат 07:00-21:00 аралығында жүретін қоғамдық көліктің жүргізушісіне де, жолаушысына да дезинфекциялық талап пен қауіпсіздік шаралары бірдей. Яғни, олар маска тағып, қолғап киіп, антисептик пайдаланып отыруы қажет.





Жолаушылар жолақысын қолма-қол ақшамен төлей алмайды. Билет сатылмайтындықтан жолақы төлеу SMS, QR-код және мобильді қосымшалар арқылы қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Карантин енгізілгенге дейін де қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98 пайыз болған-ды. Ал QR-код немесе кодты теру арқылы төлеу үшін kaspi.kz, Homebank, SMSBUS, Рахмет, AstraBus, My Beeline, SENIM, Plus24, My Activ, OYBY қосымшаларын пайдалануға болады. Activ/Kcell, Beeline, Tele2, Altel абоненттері үшін телефон теңгерімі арқылы SMS-пен төлем жасау (2505 нөміріне хабарлама жіберу) қолжетімді.




Айта кетерлігі, бүгін елордадағы қоғамдық көлік қозғалысына жауапты «Cts» компаниясы RTVM-автоматтар, кассалар мен қашықтықтан толықтыру сервистері (Transcard, Kaspi.kz, Qiwi, Kassa24 және тағы басқа) қайтадан жұмыс істей бастағанын хабарлаған болатын.





Соңғы жаңалықтар