Елорда автобустарында билетсіз жүргендерге айыппұл салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада соңғы екі күнде қалалық көлікте билетсіз жүрген 34 жолаушыға айыппыұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Астана LRT» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Соңғы екі күнде елорда автобустарында 34 жолаушы анықталды. Оларға жалпы сомасы 163 540 теңге мөлшерінде айыппұл салынды (қоғамдық көлікте жолақы төлеуден жалтару екі айлық есептік көрсеткіш немесе 4 810 теңге мөлшерінде айыппұл салуға негіз болады). Сол 34 жолаушының ішіндегі біреуі зейнеткер болып шықты», - делінген компанияның ресми хабарламасында.

«Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов те бақылаудың күшейтілетіні туралы ескертті.

«Көлікте күтпеген жерден бақылау жүргізіледі. Қай сәтті, қай аялдамада бақылау болатынын ешкім білмеуі тиіс. Жеңілдік карталардың иелеріне автобусқа кірген бойда валидация жүргізу қажеттігін ескертеміз. Тексеру кезінде валидация жасалмағаны анықталса, бұл - ақы төлеуден жалтаруға теңестіріледі», - деді Б. Игенбердинов Астанадағы брифингте.

Ол 21 шілдеден бастап дифференцияланған тарифтің енгізілуіне байланысты, кондуктор лауазымының жойылатынын тағы да еске салды. Қазіргі таңдағы кондукторлардың барлығы электронды төлем жүйесі жөніндегі кеңесшілердің қызметін атқара бастайды.

«Кеңесшілер ертеңнен бастап валидаторлармен жұмыс істеу бойынша барынша көмектеседі. Олардың жолаушыларды автобустан шығарып жіберетін құзыреті жоқ. Бұл маңызды фактор. Олар енді автобустарда тек кеңес берумен айналысады. Ал автобустан шығарып жіберуге тек бақылаушылардың құқығы бар», - деп мәлімдеді компания басшысы.

Сонымен қатар ол кеңесшілердің жалақысы кондукторлардың жалақысымен бірдей мөлшерде сақталатынын атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар