Елорда ауруханаларына күніне 500 адам түседі, оның тең жартысынан пневмония анықталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл маусым айынан бастап елордада ауруханаға пневмониямен түсетіндер саны артты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«17 маусымдағы жағдай бойынша, елорданың жұқпалы аурулар және уақытша ауруханаларында 1711 адам жатыр. Бұл өз кезегінде жалпы сыйымдылықтың 90 пайызын алып отыр. Олардың ішінде 80 адам реанимация бөлімінде, ал өкпені жасанды желдетуге қосылған науқастар саны 4 есе өсті. Олардың 91 пайызы орташа ауыр дәрежеде, 9 пайызы ауыр және өте ауыр жағдайда», - С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол бұл науқастар шұғыл түрде жансақтау бөліміне түсетінін нақтылады.

«Егер жыл басында күніне орта есеппен пневмониямен бес науқас келіп түссе, маусым айынан бастап күн сайын орташа алғанда 500 адамға жуық келеді. Оның ішінде әрбір екіншісі вирус пневмониясымен жатқызылады», -деді басқарма басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада 20-дан астам вирусолог коронавирус жұқтырды.

Бұрын қалада бір ғана зертхана болса, қазір қалада күніне 5 мыңға дейін тест өткізетін 8 зертхана бар. 17 маусымдағы жағдай бойынша шамамен 170 мың тест өткізілді. Қазір 40 мыңнан астам тест қолжетімді.


Соңғы жаңалықтар