Елорда аумағында су тасқыны қаупі бар учаскелер анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада су тасқыны қаупі бар 29 учаске анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басшысының орынбасары Есен Байыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2021 жылғы 9 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Нұр-Сұлтан қаласының аумағында көктемгі тасқын сулардың ағымдағы жай-күйі және оларды өткізуге дайындық туралы» комиссия отырысын өткізді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне су тасқыны қаупі бар 29 учаске анықталды (2019 және 2020 жылдары– 37), яғни 2019 және 2020 жылдардан бастап 8 учаске азайды.

2021 жылғы 25 ақпандағы жағдай бойынша қала аумағынан 906 286 м3-тан астам қар шығарылды.

«Бұл ретте елорда бойынша 11 полигон бекітілген, осы полигондарға қар шығарылып жатыр», - деді Есен Байыров онлайн режимдегі брифингі барысында.

Сонымен қатар қаланың басқару органдарымен бірлесе 2021 жылғы 4-5 наурызда «Көктем 2021» республикалық командалық-штабтық жаттығулары жүргізіледі. Онда азаматтық қорғаудың аумақтық мемлекеттік жүйесінің әзірлігі тексеріледі.

«Аталған 29 учаскедегі қауіптерге қатысты тиісті іс-шаралар ұйымдастырылады. Су тасқыны зардаптарының алдын алу және жою үшін «Астана Тазалық» ЖШС 12,6 тонна инертті материал қорын, 3,5 мың қап дайындады», - деді департамент өкілі.


Соңғы жаңалықтар