Елорда аумағында қураған шөп пен қамыстың өртенуі көбейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының аумағында қураған шөп пен қамыстың өртенуі көбейді. Елордадағы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сәбит Битаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемгі-жазғы өрт қауіпті кезең басталысымен өрттер саны артып келеді. Өрт қауіпі кезеңнің 20 күнінде Нұр-Сұлтан қаласының аумағында қураған шөп пен қамыстың 93 жану жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 есе көп, былтыр осы уақытта 18 өрт тіркелген болатын», - деді С. Битаев онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қызыл жалын тараған жалпы аудан 73 641 шаршы метрді (құрғақ шөп – 72 971 шаршы метр, қамыс – 670 шаршы метр) құрады. Бұл аумақ былтырға қарағанда 16 есеге көп, былтыр жанған аумақ 4540 шаршы метр болған еді.

«Қураған өсімдіктердің өртенуінің негізгі себептеріне тоқталсақ, отты абайсыз пайдалану, темекі шегу және өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу фактілері тіркелді», - деді департамент өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2 мамырда түске қарай Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері келіп түскен хабарламаға байланысты Бөгенбай даңғылындағы көпір бойындағы өртті сөндіруге аттанды. Қураған шөп пен қамыс өртеніп, сол маңдағы жеке үйге таралғаны анықталды. Осы оқиға бойынша полицейлер елордада шөпке от қойған күдікті адамды ұстады.


Соңғы жаңалықтар