Елорда аумағынан қоқысты жүзге жуық арнайы машина екі ауысымда шығарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жүзге жуық арнайы машина екі ауысымда Нұр-Сұлтан қаласы аумағынан қоқыс шығарып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Қала аумағы 19 учаскеге бөлінген. Онда 2 815 контейнер алаңы мен 17 601 контейнер қойылған.

«Қоқыс шығаруға 98 арнайы техника жұмылдырылды. «КамАЗ» маркалы 70 қоқыс тасушы көлік қалдық жинауға арналған жасыл және металл контейнерлерге, «Ивеко» маркалы 25 қоқыс тасушы құрғақ қоқысқа арналған сары контейнерлерге, кранды манипуляторлы қондырғылармен жабдықталған 3 қоқыс тасушы тереңдетілген контейнерлерге бөлінген», – дейді қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Алмаз Советханұлы.

Нұр-Сұлтан қаласы аумағынан коммуналдық қалдықты жинау және шығару қызметімен «CleanCity NC» ЖШС айналысады. Қоқыс шығару екі ауысымда жүзеге асады. Бірінші ауысым – таңғы 6:00-ден 14:00-ге дейін; екінші ауысым – сағат 14:00-ден 22:00-ге дейін.


Қалдық шығарылғаннан кейін, контейнер орналасқан аумақта дезинфекция жұмысы жүргізіледі. «CleanCityNC» ЖШС 55 қоқыс таситын көлік пен 8 276 контейнер сатып алуға инвестиция салды. Сондай-ақ, қала аумағында 182 тереңдетілген контейнер қойылған. Оларға кранды манипуляторлы қондырғымен жабдықталған 3 қоқыс тасығыш қызмет көрсетеді. Көлемі 5 текше метр контейнердің артықшылығы – 5 стандартты контейнерді алмастыра алады. Сондай-ақ гигиеналық, эстетикалық және тиімділік жағынан тығыз құрылыс аудандарында пайдалануға ыңғайлы.


Соңғы жаңалықтар