Елорда әуежайында ерекше инсталляциялар қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатына арналған инсталляциялар көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуежайда қойылған 16 инсталляцияның әрқайсының өзіндік мағынасы бар. Және ол үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жазылып көрсетілген.

«2015 жылы БҰҰ саммитінде адамзаттың 17 тұрақты даму мақсаты әзірленді. Және сол мақсаттарға бірге жету үшін 193 елдің көшбасшылары келісімге келді. Оның қатарында экологиялық проблемалар, климаттың жаһандық өзгеруі, әлеуметтік және гендерлік теңсіздік, XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басында елдер, корпорациялар мен адамдар шиеленісе түскен жүйелі дағдарыстар мен жаһандық сын-тегеуріндер тағы сол сияқты. Тұрақты даму қоршаған орта мен ресурстарды сақтай отырып, болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыру», - деді Экономикалық зерттеулер институты АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Мұқан ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, адамзаттың тұрақты дамуында 3 негізгі тепе-теңдік сақталуы тиіс, ол экономикалық өсу, әлеуметтік жауапкершілік және экологиялық тепе-теңдік.

«Тұрақты даму біздің өміріміздің бір бөлігі және ол мақсатта халықаралық ұйымдар мен елдер ғана емес әрбір адам жауапты. Біздің бүгінгі үш жақты ынтымақтастығымыз яғни Экономикалық зерттеулер институты, Қазақстандағы БҰҰ Даму дағдарламасы және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының бірлескен бұл жобасы соның дәлелі. Назар аударсаңыздар, алдарыңызда 16 инсталляция тұр, ал 17-ші мақсат осы тұрақты дамуды жүзеге асыратын ол адам яғни біз», - дейді ол.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, адамдарды қоршаған орта проблемасына назарға аударуға шақырған игі шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Экономикалық зерттеулер институтының 60 жылдығы және елорда әуежайының 90 жылдығына арналып отыр.

«Біз заманауи жаһанданудың экологияға зиян келтіріп жатқанына бей-жай қарай алмаймыз. Осы орайда мәселеден тыс қалмауды жөн көрдік. Біздің мекеменің экологиялық кодексі бар және біз оны сақтаймыз. Яғни қоршаған орта мәселесін шешуге бағытталған бастамаларды қуана қолдаймыз. Адамзаттың тұрақты дамуының мақсаттарына арналған осы көрмені бізде өткізуге бірден келісімімізді бердік. Осы инсталляцияларды көрген әуежай жолаушылары адамзаттың болашақ дамуына деген көзқарасын өзгертеді деген ойдамыз», - деді Нұрсұлан Назарбаев халықаралық әуежайы АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Хамзин.


Соңғы жаңалықтар