Елорда әуежайы ертеңнен бастап қысқартылған кестемен жұмыс істейді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана әуежайы 15 шілдеден бастап 8 тамызға дейін қысқартылған режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында 15 шілде мен 8 тамыз аралығында жергілікті уақыт бойынша 11:00-ден 18:00-ге дейін ұшып-қону жолағына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты әуежайдың жұмыс регламенті өзгереді», - делінген әуежайдың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай жөндеу жұмысы жыл сайын жүргізіледі. Биылғы жұмыстар туралы шешім ақпан айында қабылданған.

«Әуежайдың қысқартылған жұмыс кестесі туралы ақпарат әуе компанияларына уақтылы жіберілді», - деп толықтырады баспасөз қызметінен.

Демек, 15 шілде мен 8 тамыз аралығындағы рейстер кестесіне қажетіне қарай өзгерістер енгізіледі.

Айта кетсек, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі жергілікті атқарушы органдарға Үшарал және Үржар әуежайларындағы жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтау тапсырылғанын хабарлады. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, Үшарал әуежайын 20 шілдеде, ал Үржар әуежайын тамыз айының бас кезеңінде ашу жоспарланып отыр. Екі әуежай арқылы субсидияланған рейстерді ұйымдастыру жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталған. Ол үшін қажетті қаржы бөлініп, рейстерді орындайтын авиакомпаниялар да анықталды.


Соңғы жаңалықтар