Елорда әкімі: Мектептерге не көлікпен жету, не жаяу бару мүмкін емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін таңертең елорда әкімі Алтай Көлгінов екі мектепке барып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қала басшысы ат басын тіреген алғашқы нысан №28 мектеп болды. Білім мекемесіне қосалқы ғимарат салынуда. Жаңа корпус 300 орынға есептелген. Сондай-ақ, қосымша нысанда спорт залы, асхана болады. Сыртқы аумағында ойын алаңы орнатылады. Корпус қазан айында ашылады деп жоспарланған.

№67 мектепке барған А. Көлгінов қауіпсіз кіреберіс жолдарын салу қажеттігін атап өтті.

«Мектептерді салып жатырмыз, бірақ кіреберіс жолдар туралы ойламаймыз. Осындай мәселе №75 мектепте де бар. Тұрғызған жаңа құрылыстар жанында, дұрыс жол жоқ. Ата-аналар мен оқушыларға аулалар арқылы баруға тура келеді. Не көлікпен жету, не жаяу бару мүмкін емес.Оқу орындарына қауіпсіз жолдар салу, көлікке арналған тұрақ орындарын ойластыру қажет», - деді ол.

Бұдан басқа, ата-аналар мен оқушылардың ыңғайлылығы үшін бірнеше жерден кіреберіс қақпалар ашылады.

Айта кетейік, алдағы 5 жылда елордада 40-қа жуық білім беру нысаны бой көтереді.


Соңғы жаңалықтар