Елорда әкімдігінде цифрландыру бойынша жаңа басқарма құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігінде Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы құрылады. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен жиында шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімдік құрамында жаңадан Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы құрылады. Елбасының елімізді әлемнің ең озық 30 мемлекетінің қатарына қосу туралы нақты тапсырмасы бар екенін жақсы білесіздер. Бұл, сәйкесінше жаңа инновациялық даму мен жедел теxнологиялық өзгерістерді талап етеді», - деді ол.

Әкімнің айтуынша, бүгінде елордада «Smart Astana» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Және ол алдымен xалықтың жағдайын жақсартуды, қолайлы қызметтерді ұсынуды көздейтін заманауи жоба.

«Бүгінде цифрландырудың ең әуелі еңбек өнімділігін арттыруда, қарапайым xалыққа және кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуде тигізер ықпалы зор. Сондай-ақ, жылдам әрі қауіпсіз ақпарат ұсынуға, деректерді жинақтау, өңдеу, адам капиталын дамыту, яғни креативті қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді Б. Сұлтанов.

Оның айтуына қарағанда, әкімдікте басталған трансформацияның екінші кезеңі бас қаланың заман талаптарына жауап беруіне және одан әрі дамуына оң әсерін тигізуі тиіс.

«Осыған орай, барлық орынбасарларыма мемлекеттік органдардың қызметін жан-жақты зерделеп, оны жақсарту жайлы нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Бұл аталған салаларға ғана емес, өзге де бағыттарға да қатысты. Қызметтердің қайталануын болдырмау үшін мемлекеттік аппараттың қызмет сапасын арттыруымыз қажет», - деді елорда әкімі.

Соңғы жаңалықтар