Елорда әкімдігі бүгін неге қоғамдық көлік жүрмегенін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ертең де қала бойынша қоғамдық көлік жүрмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қоғамдық көліктің жұмысы сенбі және жексенбі күндері дезинфекциялық өңдеу жүргізу үшін тоқтатылған.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, №3 автобус паркі 8 қалалық маршрутқа қызмет көрсетеді. Осы парктен күн сайын желіге 114 автобус шығатын көрінеді.

«Жылжымалы құрамды дезинфекциялық өңдеу күніне бірнеше рет, яғни үзіліс кезінде жүргізіледі. Өңдеу жұмысы адам денсаулығына қауіпсіз 1% хлор ерітіндісімен жасалады. Коронавирустық инфекция жұқтырғандар санының өсуіне байланысты демалыс күндері автобустар толық өңдеуден өту үшін тоқтайды. Сенбі және жексенбі күндері дезинфекторларымыз автобустарды бірнеше рет ауқымды түрде өңдейді. Мұны жалпы тазарту деп айтуға болады. Дезинфекциялық құралдар жеткілікті мөлшерде сатып алынды», - дейді №3 автобус паркінің директоры Нұрбол Ысқақов.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова демалыс күні қоғамдық көлік жұмысын шектеудің тиімділігі туралы пікір білдірді.



Соңғы жаңалықтар