Елорда әкімдігі бензин бағасының азық-түлік бағасына кері әсерін қалай тежейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев қалалық коммуникациялар қызметінде әкімдік бензин бағасының азық-түлік бағасына кері әсерін қалай тежейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгіннен бастап бензин бағасы қымбаттамақ. Бұл қаладағы азық-түлік бағасының қымбаттауына әкелмей ме?» - деп сұрады БАҚ өкілі.

Басқарма өкілі бұл бағытта бірнеше шара қабылданғанын айтады.

«Шынымен де қазір жанар-жағармай бағасының өсуі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін екенін түсініп отырмыз. Бұл бағытта қажетті шаралардың бәрін қабылдаймыз. Халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарымен қамтамасыз ету үшін күзгі маусымаралық кезеңде нарыққа шығатын көкөніс пен бірқатар азық-түлік өнімін жеткізшуілердің өтінімдерін қарастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде 2023 жылдың 1 қыркүйегінен 2024 жылдың мамырына дейін көкөніс жеткізу туралы 2 өтінімді мақұлдадық», - деді ол.

Әкімдік өкілінің айтуынша, баға осы шаралар аясында белгіленген шектен аспауы керек.

«Мысалы, картоп бағасы 125 теңгеден, сәбіз бағасы 120 теңгеден, қырыққабат 115 теңгеден, макарон өнімдері 280 теңгеден аспауы керек. Ал, нарықтағы бағаның өзі белгіленген мөлшерден түсіп жатса, тұрақтандыру бағасы одан 10 пайыз төмен болып белгіледі», - деді Мақсат Жаңабаев.


Соңғы жаңалықтар