Елорда әкімдігі 713 млн теңгеге сегіз құрылыс нысанын сатып алады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 8 құрылысы нысаны орналасқан 75 жер учаскесін сатып алмақ. Бұл туралы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін қалалық мәслихаттың қарауына 8 нысан бойынша 75 жер учаскесін сатып алу туралы жобаны ұсынамыз. Жер учаскелерінің жалпы ауданы - 3 гектар. Жобаның құны - 713 млн теңге», - деді Әнуар Саипов қалалық мәслихаттың 25-ші кезектен тыс сессиясында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы сатып алынатын нысандарды атады.

«Бірінші нысан - Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голль көшесінің қиылысындағы тұрғын үй кешені, екіншісі - Шарль де Голль және Тоқпанов көшесі қиылысындағы құрылыс нысаны, үшіншісі - Ш. Айтматов көшесі бойынша құрылыс, келесі жоба - Есіл өзенінің арнасын қайта жөндеу. Сол секілді Республика даңғылы мен Алтынемел, Құтпанов, Гете көшелерінің қиылысындағы көппәтерлі тұрғын үй кешені және Қосшығұлұлы көшесіндегі 8 тұрғын үйді абаттандыру жұмысы бар. Қабанбай батыр даңғылы мен Хусейн бен Талал көшесіндегі әкімшілік ғимарат құрылысы және Тұрған даңғылы мен №227 көшесінің қиылысында орналасқан әкімшілік ғимараттың құрылысы да осы тізімге кіреді», - дейді ол.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған жер учаскелерінің иелері әкімдік ұсынған өтемақы көлемімен таныс.


Соңғы жаңалықтар