Елнұр Бейсенбаев Мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының жетекшісі болып сайланды

Редактор:  
Гүлнұр Ғазизқызы

Елнұр Бейсенбаев Мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының жетекшісі болып сайланды Фото: amanatpartiasy.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі болып Елнұр Бейсенбаев сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында оның кандидатурасын партия төрағасы Ерлан Қошанов ұсынып, депутаттар бірауыздан қолдады.

Елнұр Бейсенбаев әр жылдары Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, Астана қаласы әкімінің кеңесшісі, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы лауазымдарын атқарды. Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаты болды. Биылғы 4 қаңтардан бастап «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы қызметін атқарып келеді.

Еске салсақ, 19 наурыз күні өткен Мәжіліс депутаттарын сайлауға елімізде ресми тіркелген 7 партияның барлығы қатысты. Олардың ішінде тек «Байтақ» партиясы ғана шекті 5 пайыздық межеден аса алмады.

Ал, «Amanat» партиясы сайлаушылардың – 53,90, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90, «Respublica» партиясы – 8,59, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41, «Қазақстан халық партиясы» – 6,8, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» 5,20 пайыз дауысын жинады.

Осылайша, 5 және одан да көп пайыз дауыс жинаған саяси партиялардың арасында «Amanat» партиясына - 40 мандат, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 8 мандат, «Respublica» партиясы – 6 мандат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 6 мандат, «Қазақстан халық партиясы» – 5 мандат, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына» 4 мандат бұйырды.

VIII сайланған Мәжіліс депутаттарының толық тізімі осы жерде.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен «Amanat» партиясы ұсынатынын айтты.



Серіктестер жаңалықтары