Элизабет Тұрсынбаева Мәскеуде өтетін «Rostelecom Cup 2018» турниріне қатысады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Ресей астанасы Мәскеу қаласында өтетін «Rostelecom Cup 2018» гран-при шарасының соңғы кезеңдерінде бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш жарыс 16-18 қараша күндері өтеді. Турнирді конькимен сырғанаушылардың халықаралық одағының қолдауымен (ISU) Ресей конькимен сырғанаушылар федерациясы ұйымдастырып отыр. 

«Бұл жарыс «Мегаспорт» аренасында өтеді. Жүлделер жігіттер және қыздар арасында жекелей сында, жұптық сайыста және мұз айдында билеу бойынша сарапқа салынады. Қазақстан бойынша Элизабет Тұрсынбаев ел намысын қорғайды. 16 қараша Элизабет қысқа бағдарлама бойынша сынға түссе, 17 қарашада еркін бағдарлама бойынша айдынға шығады», - деді Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаев.

Ал 18 қарашада жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтеді. Сондай-ақ, сайысқа қатысушылар айдын үстінде түрлі бағдарламаны жанкүйерлер назарына ұсынады.

Естеріңізге сала кетелік, үстіміздегі жылы ақпан айында Элизабет Оңтүстік Кореяда өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты.Сондай-ақ, наурыз айында Испанияда өткен әлем чемпионатында бақ сынады. Ал сәуір айында Элизабет Тұрсынбаева Қызылорда қаласында жас өрендерге шеберлік дәрісін өткізді. Ал қырүйекте Элизабет Тұрсынбаева Словакиядағы халықаралық турнирде күміс медаль иеленді.

Соңғы жаңалықтар