Элизабет Тұрсынбаева ҚР Мәскеудегі елшілігінде қонақта болды

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстандық танымал спортшы, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде қонақта болып, қазақстандық дипломаттармен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Емен-жарқын жағдайда өткен кездесуде қазақстандық спортшы өзінің спорттағы өмірі, жеңіс жолындағы қиындықтар мен жетістіктері туралы баяндады. Осы күнде спортшы Ресейде Юлия Липницкая, Алина Загитова сынды Олимпиада чемпиондары мен әлемнің екі дүркін жеңімпазы Евгения Медведеваны жаттықтарған танымал бапкер Этери Тутберидзенің қолында тәлім алуда. Осыған дейін 5 жыл қатарынан Элизабет канадалық бапкер Брайан Орсердің жетекшілігімен жұмыс істеген болатын.

«Брайанмен біз жақсы көңіл-күймен қош айтыстық. Ол мені, менің таңдауымды қолдады және менің бапкеріме де сенім артты. Мен оның маған деген қамқорлығына, осы уақытқа дейін үйреткенеріне дән ризамын»,-деді мәнерлеп сырғанаушы.

«Жалпы өз үйінен, отбасынан жырақта жүріп жаттығу өте қиын. Кейде жетістігіңді еселей түсу үшін өзгеріс қажет. Мен келесі Олимпиадаға басқаша дайындалғым келеді. Этери Георгиқызы өте мықты бапкер, мен өзімнің оның тобында дайындалуға мүмкіндік алғаныма шексіз қуаныштымын»,-дейді Элизабет.

Тұрсынбаева мен Тутберидзе 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойндарына дейін бірге жұмыс істейтін болады. 18 жастағы Элизабет Мәскеуде туған, алайда ол дүбірлі додаларда Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр. Пхенчханда өткен Олимпиада ойындарында 12-ші орынға табан тіреді. Ол әлем чемпионаттарындағы үздік көрсеткішіне 2017 жылы қол жеткізді. Элизабет 2017 жылы өткен қысқы Азия ойындарының және 2016 жылғы жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

«Біз үшін қазақстандықтардың да, Сіздің де қолдауыңыз маңызды. Сіздердің біздің жағдайымызға алаңдаушылық білдіргендеріңіздің өзі бізді алдыға жетелеп, бұдан да үлкен биіктерді бағындыруға ынтыландырады. Қазір 2022 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық жүріп жатыр. Сондықтан қазір біз үшін әрбір сәт маңызды»,-деп ағынан жарылды спортшының әкесі Байтақ Тұрсынбаев.

Соңғы жаңалықтар