Елімізге жыл сайын 14 млн адам кіріп-шығады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанға келу мен елден шетелге шығу процесі жетілдіріліп жатыр. Толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға жыл сайын 14 млн адам келеді және 14 млн адам шығады. Олардың бәрін топтастыра келе 13 бағытқа бөлдік. Ол бағыттар жұмысын автоматтандырып, елімізге кіріп-шығатын азаматтарға ыңғайлы болуы үшін «бір терезе» қағидаты немесе мобильді қосымша арқылы қызмет көрсету жағын қолға алдық. Алдымен жұмыс қандас мәртебесін беруді автоматтандырудан басталды»,- деді Ілияс Испанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Көші-қон комитеті басшысының мәлімдеуінше, Қазақстанға келетін және шетелге шығатын азаматтардың мақсаты мен мерзімі бойынша бірыңғай есеп жүргізу міндеті тұр.

«Енді белгілі бір қызмет алу үшін әр мемлекеттік органның есігін тоздырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, Қазақстанға келген шетел азаматтарына медициналық көмек көрсету, оларды тіркеу жағы да автоматтандырылады. Ең бастысы елге келген азаматтардың заңды бұзбай, құқық бұзушылыққа бармауын ескертеміз», - дейді министрлік өкілі.

Сондай-ақ, брифинг барысында көші-қон мәселесіне қатысты бірнеше жайттар белгілі болды.

Атап айтқанда, елімізге инвестиция құйған шетел азаматтарына иммигрант визасымен қатар 10 жыл тұруға рұқсат берілмек.

Бүгінде Қазақстанда 14 417 шетел азаматы жұмыс істеп жатыр.

Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда еңбек ету мәселесін екіжақты келісім арқылы заңдастыру жағы қаралып жатыр.

Алдағы уақытта қандас мәртебесіне құжаттар Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде қабылданады.

Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге баратын қазақстандықтарды алдын ала дайындайды. Оларға сол елдің заңдылықтары мен тәртібі үйретіледі.

Одан бөлек, Еңбек министрлігі елімізге келетін босқындардың мәртебесі арта түсетінін хабарлады.


Соңғы жаңалықтар