Елімізге «Акваөсіру туралы» заң қажет – Экология министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығын дамытуға кедергі түйіткілдерді шешу үшін Қазақстанға «Акваөсіру туралы» заң қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, мынадай басты проблемаларды анықтадық. Бірінші, су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйымның салынуы. Екінші, балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлемнің алынуы. Бұл жерде, балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді. Үшінші, жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі бизнеске берілмеген. Төртінші, тоғандар мен балық өсіру бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажеттілігі», - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Мағзұм Мырзағалиев Салық, Су және Жер кодекстеріне, сондай-ақ басқа да заңдарға өзгерістер әзірлеп, тиісті заң жобасына енгізгендерін айтты.

«Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген және күзде Парламентке енгізілетін болады. Сонымен қатар, акваөсіру сәтті дамыған бірқатар елде балықты жасанды өсіру саласындағы қатынастарды реттейтін жеке заң бар екенін атап өткен жөн. Сондықтан, «Акваөсіру туралы» Заң қажет деп санаймыз. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, біздің бастамамызды қолдауды сұраймын«, - деді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгін Үкімет отырысында балық шаруашылығын дамытуға кедергі 3 проблеманы атады. Олардың алғашқысының шешімі ретінде су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеуді ұсынды.


Соңғы жаңалықтар