Еліміздің үш өңірінде су тасқыны қаупі сейілмей тұр- ТЖК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің үш өңірінде су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақмола облысы бойынша Целиноград, Астрахан, Атбасар, Сандықтау және Аршалы аудандарындағы су тасу қаупін бақылауда ұстап отырмыз. Атбасар қаласында Жабай өзені үстіндегі көпірде таңертеңгі сағат 8-де су деңгейі тәулік ішінде 90 см-ге көтерілді және көпір белгісіне дейін 3,5 метрді құрайды. Қауіпті деңгейге дейін әлі 1 метр бар. Бұл қар еру процесінің жалғасып жатқандығын білдіреді. Атбасар қаласына 15 техника және 5 жүзу құралымен жабдықталған 50 маманнан құралған арнайы топ жіберілді», - деді В.Беккер.

Сонымен қатар, комитет басшысы Нұр-Сұлтан қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған Вячеслав су қоймасында 93 пайыз су жиналғанын және қазіргі уақытта суды секундына 300 текше метрден астам көлемде Есіл өзеніне транзиттік режимде ағызу жүргізіліп жатқанын айтты.

«Жалпы республика бойынша ахуал тұрақы әрі күрделі. Қар еру процесі жүріп жатыр. Күн сайын қар көлемі де азая түсуде. Дегенмен, су тасқыны орын алуы мүмкін өңірлер де бар және оларды бақылап отырмыз. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында Аққайың, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарында, Батыс Қазақстан облысында Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында, Шығыс Қазақстан облысында Қатонқарағай, Алтай, Шемонайха, Глубокое, Бесқарағай аудандарында су тасу қаупі жоғары», - деді ол.

В.Беккердің атап өтуінше, осы аптада су тасу қауіпі өте жоғары болмақ. Себебі алдағы уақытта жоғарыда аталған өңірлердің барлығында жауын-шашын болатындығы күтіледі.

Соңғы жаңалықтар