Еліміздің үш қаласында диабет орталықтары ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің үш қаласында диабет орталықтары ашылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қант диабетімен ауыратын пациенттер медициналық қызметтерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде алады. Талдықорған, Өскемен, Орал және Алматы қалаларында стационарлық жағдайда қант диабетімен ауыратын науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін диабет орталықтары ашылды. 2023-2025 жылдары Қарағанды, Атырау және Сарыағаш қалаларында диабет орталықтарын ашу көзделген», -деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның дерегінше, бұдан басқа елде жұмыс істеп тұрған 130-ға жуық мемлекеттік «Диабет мектебі» (оның ішінде «Диабеттік табан») және 19 жеке мектеп бар.

«Қант диабеті мектебі пациенттерді қант диабеті туралы дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етеді. Пациенттің өз денсаулығын сақтауға және емдеуші дәрігердің ұсынымдарын орындауға жауапкершілігін және оған белсенді қатысуын арттыру үшін оларды ынталандырады», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар