Еліміздің туризм саласындағы білікті мамандары Түркістанда бас қосты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында өңірдің туристік әлеуетін дамыту бойынша «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты республикалық семинар-кеңес өтті. Облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында өңірлердегі туризмді дамыту мен бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шараға ҚР Туризм индустриясы комитеті және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басшылары, еліміздің өзге облыстарының салалық басқармалары мен туризм ассоциациясы өкілдері арнайы қатысты. Онда Түркістан қаласында салынып жатқан жаңа нысандарға, Отырар, Бәйдібек аудандарының туристік нысандарына ақпараттық тур ұйымдастырылды. Сондай-ақ, семинар-кеңес аясында Шымкент, Алматы қалаларымен және Алматы, Қызылорда облыстарымен, сонымен қатар «Kazakh Tourism»ҰК» АҚ-мен туризм саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Жиынға қатысушылар туризм - Түркістан облысы экономикасының басым салаларының бірі екенін айтты. Әсіресе, бірегей сәулет-тарихи және археологиялық ескерткіштері, таңғажайып табиғаты мен өзіндік мәдениеті бар өңіріміз өңірлік және халықаралық деңгейде туризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие екенін баяндалды.

Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекет тарапынан тек қаланың ғана емес, жалпы облыстың дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Инфрақұрылымды жаңғырту аясында жұмыстар белсенді жүргізіліп, жаңа инвестициялар тартылуда.

Одан бөлек, Түркістан қаласын Түркі әлемінің мәдени және рухани астанасы ретінде Орталық Азиядағы Халықаралық туризм мен зиярат ету орталығы ретінде дамыту - бүгінгі таңда туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының біріне айналды және осы бағытта мемлекеттік қолдау көрсету туризмді тұрақты дамытудың алғышарты болып отыр.



Соңғы жаңалықтар