Еліміздің тарихи оқиғаларын әлемге насихаттаудың маңызы зор - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында ел тәуелсіздігіндегі келелі мәселелерге жан-жақты талдау жасалған. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласы тәуелсіздіктің ғасырға созылар 30 жылдық тарихын ширата білген тарихи маңызы бар мақала болып отыр. Президентіміз мақаласында қанша ғасырлардан бері ата-бабамыз аңсап келе жатқан тәуелсіздіктің ел үшін қаншалықты маңызды екенін санамызда жаңғыртып отыр. Мақалада бағдар мен белес, таным мен тағылым, қоғам мен құндылықтар, ұлағат пен ұстаным бағыттарын қамтитын ел тәуелсіздігіндегі келелі мәселелерге жан-жақты талдау жасалған. Сонымен қатар бұл мақала Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салған тәуелсіздіктің дара жолындағы 30 жылдық тарихқа көз жүгіртеді. Мақалада мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдары өткен жолының тарихи маңызына сүйене отырып, болашақта алынар асуларға да ерекше мән береді. Қазіргі кезеңде ел ішінде ұлтжандылықты қалыптастыруда киноматографияның да атқарар рөлі өте зор екендігін атап көрсете отырып, болашақта отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи бағыттағы фильмдерді түсіруге жұмсау керектігін атап көрсетеді», - деді сенатор.

Сонымен қатар Д. Нөкетаева еліміздің тарихи оқиғаларын жалпы әлем жұртшылығына насихаттаудың да үлкен маңызы бар екенін атап өтті.

«Қазақ тарихындағы нәубетті жылдардың бірі болып саналатын 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың алғашқы кезеңіне де ғасыр толғанына да тоқталып, осы бағытта ақтаңдықтардың бетін ашу үшін үлкен іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігі туып отырғандығын тілге тиек етеді. Сонымен қатар жаңа тарихымыздағы белгілі оқиғалардың бірі болып табылатын желтоқсан дүмпуінің де 35 жылдық тарихына ерекше мән беру керектігін және оның маңызын жоспарлы түрде насихаттауды негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындайды.

Қазақстан әлемде бейбіт түрде алғашқы мемлекеттің бірі ретінде ядролық қарудан бас тартқан мемлекет екендігі және Елбасының 1991 жылы Семей полигонын жабуға байланысты жарлығының қазіргі кезеңде әлемдік деңгейде ерекше маңызға ие болғандығы да атап өтілген. Осы оқиғаны да халық ішінде жалпы әлем жұртшылығына насихаттаудың да үлкен маңызы бар екендігі дәйекті деректермен нақтылап көрсетілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі елімізде демократияны тереңдетуге бағытталған шынайы қадамдардың бірі болып саналады. Еліміздің, халықтың мүддесін дер кезінде ескеріп шешуге деген шынайы механизм осы Президентіміз ұсынып отырған ұстаным екендігін уақыт талабы көрсете түскендей», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар