Еліміздің тағы бірқатар өңірінде жол жабылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қолайсыз ауа райына байланысты Қазақстанның тағы бірнеше өңірінде жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының мәліметіне сенсек, Ақмола облысында «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1291-1353 шақырымы жабылған.

Бұл - Жалтыркөл ауылынан бастап Қарағанды облысының шекарасына дейінгі аралық.

Сонымен бірге «Нұр-Сұлтан-Петропавл» жолының 18-231 шақырымы, яғни елордадан Щучинск қаласына дейінгі жол жабық.

Айта кетейік, біз бұған дейін Ақмолада дизельмен жүретін көліктердің және автобустардың қозғалысына шектеу қойылғанын жазған болатынбыз.

Қарағанды облысында қатты аязға байланысты 2 қаңтар кешкі 18:00 бастап «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 1353-1425 шақырымында, атап айтқанда Ақмола облысы шекарасынан Теміртау қаласына дейін дизель қолданатын көліктің жүруіне рұқсат жоқ.

Дәл осындай шектеу «Нұр-Сұлтан-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау» жолының 51-104 шақырымында да енгізіліп отыр.

Одан бөлек, «Қызылорда-Павлодар» автожолының 1066-1135 шақырымы - Молодежный елдімекенінен Павлодар облысының шекарасына дейінгі аралық жабылды.

Алматы облысында да осындай жағдай. Бүгін сағат 17:00 бастап «Алматы-Өскемен» тасжолының 558-615 шақырымында, Үшарал қаласынан Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейін дизельмен жүретін автомашиналар мен қоғамдық көліктің қозғалысына шектеу қойылған.

Сондай-ақ Павлодар облысында 2 қаңтар кешкі 18:00 бастап барлық бағыттағы жолдарда дизель қолданатын көліктер мен автобустардың жүруіне тыйым салынды.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында және Нұр-Сұлтан қаласында қатты аязға байланысты жол жабылғанын жазған болатынбыз.

Сонымен қатар Қостанай мен Шығыс Қазақстанда да көлік қозғалысына шектеу қойылған.


Соңғы жаңалықтар