Еліміздің сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздігі сенімді қолда - Жеңісбек Мәуленқұлов

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жаңадан тағайындалған ел Президентінің дұрыс бағыт-бағдар ұстанып отырғанын айтады. Мемлекет басшысының ант беру және ұлықтау рәсіміне қатысқан зейнеткер еліміздің сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздігі нағыз маманның сенімді қолына тигенін алға тартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекетіміздің жаңа басшысы - текті әулеттен шыққан, қазақы тәрбие алған, бірнеше тіл білетін, терең білімі бар нағыз интеллектуал азамат. Сонымен қатар, ол - Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық әріптестерінің барлығымен қоян қолтық жұмыс істеп, оларды ішінен таныған көрнекті дипломат. Мәселен, ол Мәскеуде білім алса, Қытайдағы КСРО елшілігінде жұмыс істеген. Қала берді БҰҰ төрағасының орынбасары болған жылдары Батыс әлемімен де етене танысуға мүмкіндігі болды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, еліміздің сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздігінде жаңашылдық пен тұрақтылық болады»,- дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Зейнеткердің айтуынша, Мемлекет басшысы инаугурация рәсімінде сөйлеген сөзінде маңызды бағыттарға тоқталып, ел арасында жарқын болашаққа сенім арттырды.

«Президент маңызды бағыттардың бірі ретінде жаңа жұмыс орындарын ашу мен халықты лайықты жалақымен қамту екенін атап өтті. «Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі - бұл стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет» деді. Демек, жақын келешекте халықтың тұрмыс жағдайы да күрт жақсарып, қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнайды деген сөз»,- дейді Жеңсбек Мәуленқұлов.

Соңғы жаңалықтар