Еліміздің сындарлы саясатын жалғастыратын салиқалы басшы керек – депутат

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін сарабдал басшының қажеттігін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Кезектен тыс Президент сайлауына қатысты осындай пікірімен Алматы қаласының мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясының Алатау аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Фарида Мерхамитқызы бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Орталық аппаратында болған құрылымдық филиалдар жетекшілерімен кездесуінде кезектен тыс Президент сайлауы биліктің заңдылығын нығайтып, еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет деп мәлімдеді.

«Алдағы сайлауға өз үміткерімізді ұсыну үшін партия съезін өткізу керек. Партия Аппараты съезд дайындығына қажетті барлық жұмысты тез арада қолға алуы тиіс», - деген Елбасы, сайлауды еліміздің заңнамасы және барлық демократиялық нормалары мен қағидаттарына сай өткізу қажеттігіне ерекше назар аударды.

«Шындығына келсек, тарихтың сан қатпарлы жолынан өткен еліміз үшін тәуелсіздіктің алғашқы он жылы оңай болған жоқ. Ел халқына он саусақтың саласындай, бір ананың баласындай татулық пен бірлік, шыдамдылық пен төзімділік керек болды. Ол үшін елді соңына ерте білетін, ақылды, білгір, көреген саясаткер, басшы болатын азамат керек еді. Тәуелсіз елін 30 жылға жуық басқарған Елбасымыз өз өкілеттілігін тоқтатқан кезде «Енді қалай болар екен?» деп елдің көкейінде сауал болғанын несіне жасырайық. Бағытымыз бен мақсатымыз айқындалған, әлемге танылған жас мемлекеттің іргесін шайқалтпай, шаңырағын биік ұстайтын салиқалы басшы керек екенін расымен де сезіне бастадық. Сондықтан, алдағы белгіленген сайлауда зайырлы мемлекеттің заң талаптарына сай келетін сарабдал көшбасшысы келеді деген үмітім зор», - деді Ф.Мерхамитқызы.

«Nur Otan» партиясының Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі осы жауапты істе халықты бірлікке, ынтымаққа шақыра отырып, ұйымшылдықпен сайлауға қатысуға шақырды.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді.

Фото: www.altyn-orda.kz

Соңғы жаңалықтар